Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының "Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығы" КММ
Ресми интернет-ресурс

Отбасы күні мен Аналар күніне арналған ата-аналар фестивалі

2026 жылдың 13 мамыр күні ШҚО Білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау және көмек көрсету орталығы» КММ өңірдің практик-психологтарымен бірлесіп, Халықаралық отбасы күні мен Аналар күніне орай ата-аналарға арналған фестиваль өткізді.

Фестиваль ата-ана мен бала арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған ашық диалог, қолдау және тиімді шешімдер іздеу алаңына айналды. Іс-шара барысында қатысушылар пайдалы ақпарат алып қана қоймай, бала тәрбиесі, эмоционалдық әл-ауқат және отбасылық өзара әрекеттестік мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алды.

Фестиваль аясындағы «PRO-родительство: ЗЕРКАЛО», «Ресурс для неидеальной мамы», «Баламен тілдесу сырлары» және «Эмоциялық тұрақтылық» алаңдарында ата-аналар балаларын тыңдауды, өз эмоцияларын түсінуді және отбасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуды үйренді.

Іс-шара барысында ата-аналардың эмоционалдық жағдайына, баланы қолдау дағдыларын дамытуға, отбасындағы жылы атмосфераны қалыптастыруға және ананың ішкі ресурсын сақтауға ерекше назар аударылды. Практикалық жаттығулар мен тренинг элементтері қатысушыларға «жанды» қарым-қатынастың, эмпатия мен өзара түсіністіктің маңызын сезінуге көмектесті.

Фестиваль қатысушыларға тек тәжірибелік құралдар ғана емес, сонымен қатар қолдау, шабыт және үйлесімді балалық шақтың негізі — қамқорлық, сүйіспеншілік пен саналы ата-ана болу екеніне сенім сыйлады. Іс-шараға барлығы 54 ата-ана қатысты.

Ата-аналармен өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісуге дайын болған, кәсіби шеберлік танытқан практик-психологтарға алғысымызды білдіреміз!